
Аймауытов театры Астана мен Қарағандылық көрермендерді қуантпақ
Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры сәуір айында Астана, Қарағанды және Теміртау қалаларына гастрольдік сапармен барады. Өнер сапарында Ертіс бойындағы көрермендер көңілінен шыққан қойылымдар ұсынылмақ.
Аймауытов театры еліміздегі өзге аймақтарға шығып, жергілікті көрермендерге қойылымдар тарту етуді жоспарлап отыр. Биыл алғашқы сапарлар Астана қаласы мен Қарағанды облысына ұйымдастырылады.
Ең әуелі 14-15 сәуір күндері театр труппасы Астана қаласына барып, Астана Жастар театрында «Джудит жасаған қиын таңдау», «Ұждан» қойылымдарын, «Маугли» ертегісін сахналайды.
Ал 16 сәуір күні өнер ұжымы Теміртау қаласының көрермендерін тәнті етсе, 17-18 сәуір күндері Қарағанды қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының сахнасында жоғарыда аталған қойылымдарды ұсынады.
Киелі Ертіс-Баян өңіріндегі театр өнерінің тәбәрігін ала баратын труппаның бұл сапары елордалық және қарағандылық жұртшылықтың мәдени өмірі үшін маңызды оқиға болатыны даусыз. Актерлер сахналайтын қойылымдар көрермендердің барлық аудиториясын қамтиды деп жоспарланған.
Комментариев нет
Просмотров: 44