Меню KDT

Талаптың мініп тұлпарын...

Талаптың мініп тұлпарын ...


2017 жылы Алматыда XXVIII Бүкіләлемдік Қысқы Универсиада өтеді.  Универсида – әлемдегі ең айшықты халықаралық бұқаралық спорт және мәдени оқиғалардың бірі болып табылады. Универсиаданың бір мақсаты – спортты білім беру жүйесінің маңызды элементтерінің бірі ретінде ілгерілету. Қысқы Универсиада -2017 қазақ спортының биік жеңістерінің жалғасы болады деген сенімдеміз..    

Халықтың денсаулығы – ел дамуының аса маңызды тұтқасы, болашағымыздың кепілі, ал дені сау ұрпақ – болашағымыздың алтын тірегі!  

 

Астана қаласы № 23 орта мектебінің денешынықтыру пәні мұғалімі жас маман Эльвира Шадырқұл ағымдағы жылдың 1-10 қазан аралығында спорттың армрестлинг түрі бойынша Болгарияда өткен әлем біріншілігінен жеңіспен оралды. Қол күресінен 60 кг салмақ дәрежесі бойынша жастар арасындағы додаға қатысқан спортшы қыз алтыннан алқа тағып, әлем чемпионы атағын жеңіп алды. «Жеңісімді Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 - жылдық мерейтойына арнаймын!» - дейді жас спортшы Эльвира Шадырқұл.

Эльвираның бұл тамаша жеңісі оның ата-анасы, жақын-туыстары, достарын ғана емес, біздің мектептің де педагог қызметкерлер, оқушылар, ата-аналар ұжымын  шексіз қуантты. Мектепте әлем чемпионын лайықты қарсы алуға алдын ала дайындалып, мектептің көркемөнерпаздары концерттік бағдарлама әзірледі. Жеңімпаз әріптесіміздің құрметіне салтанатты саптізбе өткізілді, оған ата-аналар да қатысты.   Саптізбеге қатысушылар халықаралық жарыста табандылық, жоғары спорттық шеберлік және қажымас кайрат танытып,  еліміздің мерейін үстем ете білген  спортшы қызды  жеңісімен құттықтап, жаңа жеңістер мен табыстар, олимпиада медальдарын тіледі. Әріптесіміздің зор табысы біздің мектептің шежіресіне мәңгілікке енетін болады! 

Талап – талмас қанат.  Дегенмен, талаптың жолы тастан да ауыр болады екен. «Мен бұл жеңісімді бес жыл күттім», - дейді Эльвира. 

         Шадырқұл  Эльвира 2012 жылы А.Шынасылов атындағы № 23 орта мектепті бітірген соң, М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне  денешынықтыру және спорт мамандығы бойынша  оқуға түсті.  Мектеп жасынан бастап спортқа жақын  өскен Эльвира  университет қабырғасында да спорттық іс –шараларға, оның ішінде бокс және қол күрестіру түрлері бойынша түрлі жарыстарға белсене қатыса бастады.  Арада уақыт өткен соң, жаттықтырушылардың кеңесіне құлақ түріп, бокспен қош айтысып, біржола қол күрестіру спортын таңдайды.  

Қол күрестіру олимпиадалық спорт түрлеріне жатпаса да, әлем деңгейінде  үлкен танымалдыққа ие.  Бұл спорт түрінің өзіне тән   техникалық және тактикалық талаптары бар. Оған кез-келген адам төзе бермейді.  Саусақтарынан бастап иығына дейін қолының бұлшық еттері қан-қақсап ауырғанына, қара терге малынып, шаршағанына қарамастан, жігерін қамшылап,  жақсы нәтижелерге жетуді мақсат еткен спортшы қыз оқудан бос уақытының бәрін   спорт залында өткізді.   Нәтиже көп күттірген жоқ: 2012 жылы қол күрестіруден  Қазақстан чемпионатына қатысып,   спорт шебері атанды. Ташкент қаласында 2013, 2016 жылдары  өткен Азия ойындарында екі мәрте І –орын,  Жапонияда,  Америкада  өткізілген халықаралық жарыстарда І, ІІ орындарды иеленіп, Эльвира  халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды.

«Спорт - алтын дәнекер, денешынықтыру пәні - ел­жандылыққа тәрбиелеудің құралы. Осылай екеніне  менің  көзім барған сайын жете түсуде»,- дейді жас маман. «Мен өзімнің әр сабағымда балалардың спортқа деген қызығушылығын оятуға тырысамын, үлкен өмірде үлкен табыстарға жету жолындағы спорт пен саламаттылықтың пайдасын тәптіштеп түсіндіремін.   Оқушыларымды ұлттық спорт ойындарына ынталан­дырамын, уақыт бөліп, тоғыз­құмалақ, асық ату, арқан тарту, аударыс­пақ сияқты дәстүрлі ұлт­тық спорт түрлері  жайында   әңгі­мелеп айтамын,  баулимын. Бала­лардың көздері осындайда жанып-ақ кетеді. Өз пәнім арқылы қаншама елжан­ды, ізгілікке құмар, жақсы­лыққа құштар балаларды мектеп қабыр­ғасынан тәрбиелеп шығаратынымды көзіме ойша елес­тет­сем, мақтаныш сезіміне бөле­не­мін».

Елбасымыздың білім саласына ерекше көңіл бөліп, қамқорлық жасауының арқасында қазір қай мектептің болсын  материалдық базасы жақсарып келеді.  Елу жылдық тарихы бар,  талай  спортшы жастарды  түлеткен біздің мектебімізде спорт залы жалғыз болғанмен, мектептің аумағындағы бос орындарды пайдаланып, футбол, баскетбол, волейболға арналған шағын алаңдар, жүгіру, жаттығу алаңдары жасақталған.  Мектеп оқушылары аудандық, қалалық деңгейдегі жарыстаға үнемі қатысып отыратынын, талай рет жеңіс тұғырына көтерілгенін мақтанышпен айта аламыз. Мектебіміздің түлектері ағайынды Максим және Валентин Иглинскийлер - халықаралық велосипедшілер одағының лицензиялық комиссиясының иегері (Union Cycliste Internationalе, UCI) Astana Pro Team командасының  халықаралық дәрежедегі шабандоздары, Исламбек  Қуат   — қазақстандық футболшы, алматылық «Қайраттың» және Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы,  Қазақстанның үздік жас ойыншысы атағын жеңіп алған талантты спортшы.

Түйіндеп айтарым, мектебімізде денешынықтыру пәнінің мәр­те­бесі жоғары. Себебі, оның өске­лең ұр­пақты отаншылдыққа, сала­мат­ты­лық­қа тәрбиелеудегі үлесі зор. Елі­міз осыған жағдай жасап отыр. Ал спорт­ты сүйген адам өзінің елін, көк байрағын да сүйіп өсетіні шүбәсіз.

 

                                             Қабланбекова Ботагөз Ахметбекқызы-

                                         № 23 орта мектеп директорының

                                                                                                                                ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары.










Комментариев нет
Просмотров: 842
Автор: 23mektep
Сайт: www.23.astana-bilim.kz
Добавлено: 27.11.2016 в 00:00