«Уақытты басқару және өзін-өзі ұйымдастыру»
Қазан айының 20 күні Мұқағали Мақатаев атындағы тірек орта мектебінде «Уақытты басқару және өзін-өзі ұйымдастыру» тақырыбында жалпы мектептік ата-аналар жиналысы өтті. Жиналысқа мектеп әкімшілігі, педагогтар, мектеп психологтары мен оқушылардың заңды өкілдері қатысып, бала тәрбиесі мен білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды мәселелерді талқылады.
Іс-шараны мектеп директоры М.Султанова ашып, жаңа оқу жылындағы оқу-тәрбие жұмыстарының барысы туралы қысқаша ақпарат берді. Өз сөзінде директор мектеп пен отбасы арасындағы тығыз байланыстың оқушылардың жетістіктеріне тікелей әсер ететінін атап өтті.
Күн тәртібіндегі келесі маңызды мәселе — мектептің ішкі тәртіп ережелеріне арналды. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Л. Мырзаханова ата-аналарды мектеп формасына қойылатын талаптармен, сабаққа қатысу ережелерімен және қауіпсіздік шараларымен егжей-тегжейлі таныстырды. Сондай-ақ оқушылардың өзін-өзі ұстау мәдениетін қалыптастыруда бірлесе әрекет ету қажеттігі сөз болды. Бұдан бөлек, жиналыс барысында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 25 мамырдағы № 235 бұйрығына сәйкес, білім беру ұйымдарына әкелуге тыйым салынған және пайдаланылуы шектелген заттардың тізбесі туралы А. Балхожаеваның баяндамасы тыңдалды.
Баланың жаңа оқу жылына және мектеп ортасына бейімделуі де назардан тыс қалмады. Педагог-психолог Қ. Тулеулиева баланың бейімделу кезеңіндегі психологиялық ерекшеліктеріне тоқталып, ата-аналарға үйде балаға қалай қолдау көрсету керектігі туралы пайдалы кеңестер берді.
Жиналыстың соңғы бөлімінде ата-аналар өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, мектеп басшылығымен еркін пікір алмасты. Іс-шара белсенді ата-аналарды марапаттау рәсімімен және жылы лебіздермен аяқталды. Мұндай кездесулер мектеп пен ата-ана арасындағы сенімді нығайтып, өскелең ұрпақтың дұрыс қалыптасуына үлкен септігін тигізері сөзсіз.
https://www.facebook.com/share/p/1C8ek3JGnL/
Комментариев нет
Просмотров: 14