Меню KDT

Ғасырлардың құрдасы, Наурыз елдің жыл басы

Наурыз – бұл көктемнің ғана емес, бұл ең әуелі ізгілік пен жақсылықтың мейрамы. Халқымыздың салт-дәстүрі ретінде ұрпақтан ұрпаққа жеткен Ұлыстың ұлы күні әр жүрекке нұр-қуаныш әкеледі, үміт ұялатады.


Наурыз – бұл көктемнің ғана емес, бұл ең әуелі ізгілік пен жақсылықтың мейрамы. Халқымыздың салт-дәстүрі ретінде ұрпақтан ұрпаққа жеткен Ұлыстың ұлы күні әр жүрекке нұр-қуаныш әкеледі, үміт ұялатады. Ол берекенің бастауын көрсетіп, адамдарды жарқын істерге бастап, адамгершілік пен қайырымдылық жолына жетелейді.

         Наурыз – жаңару мен жасарудың, ынтымақ пен берекенің, татулық пен келісімнің мерекесі. Сол себепті Тәуелсіз еліміздің тату шаңырағы астында тіршілік кешіп жатқан барша жұрт көктем шуағын ала келетін осынау мерекені асыға күтіп, бірігіп тойлауды дәстүрге айналдырғаны белгілі.

Осы орайда наурыздың 18 күні Астана қаласы Білім басқармасының бастауымен, Еуразия гуманитарлық институтының колледжі ұйымдастыруымен қалалық «Ғасырлардың құрдасы, Наурыз елдің жыл басы» атты қалалық ертегілер Фестивалі өтті. Колледж үшін бұл өте ерекше күн болды, бүкіл ұжым Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесін аса үлкен дайындықпен қарсы алды, қолөнер шеберлері өз қолдарымен жасаған бұйымдарын «Өнерлінің қолы алтын» атты жәрмеңкеге қойды. Аталмыш іс-шараға Астана қаласы Білім басқармасының Кәсіптік білім беру және мамандарды даярлау бойынша оқу-ісі жөніндегі  әдіскері Б.Б.Жукенова, Кәсіптік білім беру және мамандарды даярлау бойынша тәрбие ісі жөніндегі әдіскері Б.Ж. Хатпина, «Қазақ үні» газетінің бас редакторы, тарих ғылымдарының кандидаты Ж.Шәмші, Мемлекеттік тіл басқармасының бас маманы Е.Енсебав және Астана қаласының Техникалық және кәсіби білім беру мекемелері сияқты қонақтар қатысты.

Іс-шараның мақсаты – ежелден желісі үзілмей бүгінге жеткен салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды айшықтайтын қазақ халқының ауыз әдебиеті, қазақ ертегілерін дәріптеу. Техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің студент жастарының шығармашылық деңгейін көрсету.

Фестиваль алдында іріктеу кезеңі аталған колледж қабырғасында алдын-ала өтілді. Бұл кезеңге Астана қаласының барлық колледждері қатысып, бірінші кезеңнен өткен білім мекемелері қорытынды концертке жолдама алған болатын. Жеребе тастау тәртібі бойынша бірінші болып сахнаға Сауда – экономикалық колледжі «Алдар көсе мен шайтандар» ертегісімен шықты. Одан кейін өз ертегілерін көрсеткен колледждер: «АСУ» гуманитарлық – техникалық колледжі «Сиқырлы жүзік» ертегісі, Қаржы академиясының колледжі «Наурыз – думан!» қойылымы, Гуманитарлық колледж «Балаларға базарлық» және «Как Наурыз на весне женился» ертегілері, Энергетика және байланыс колледжі «Ынтымақ» ертегісі, ЕАГИ колледжі «Алдаркөсе, жылан балық» ертегісі, Басқару колледжі «Наурыз туралы аңыз» ертегісі, «М.Тынышпаев» атындағы Қазақ көлік коммуникациялар академиясы АҚ – ның Ақмола колледжі «Аңыз ертегі» атты қойылымы көреремендерге ұсынылды.

Қойылымдардың барлығы аса жоғары дайындықпен, сахналық шеберлікпен, әсем костюмдермен, театрланған түрде қойылды.    

Қойылымдарда қазақтың көнеден келе жатқан ертегілеріндегі Алдар көсе, Шықбермес Шығайбай, шал мен кемпір, бай мен кедей, Жылан балық образдары көрермен көңілінен шықты. Сонымен қатар қазақтың қара қылды қақ жарып, әділін айтқан, қасиетті үш биі Төле би, Әйтеке би, Қаз дауысты қазыбек би сияқты қасиетті тұлғалары туралы тамаша көріністер көрсетілді.

Фестиваль соңында барлық қатысқан колледждер әр түрлі номинациялы дипломдармен марапатталды.

Халқымыздың мәдениеті мен дәстүрінің ұлылығын айшықтайтын мереке шын мәнінде шаттыққа ұласты. Мерекелік шара соңында оған қатысқандар алдын ала әзірленген ұлттық тағамдардан, наурыз көжеден дәм татып, көктеммен бірге әрбір қазақстандықтың үйіне бақыт пен игілік кірсін деген тілектерін жеткізді.

 

 

Анар Жармұханова

Теги:  Астана қаласы Білім басқармасы, Еуразия гуманитарлық институтының колледжі,

Комментариев нет
Просмотров: 93
Автор: sanzhar_e
Сайт: www.astana-bilim.kz
Добавлено: 31.03.2014 в 00:00