
Ұстаз болу- жүректің батырлығы
Адамзат ұғымында ұстаз есімі ерекше орын аларысөзсіз.Ұстаз ізгіліктің, мейірімділіктің, жақсылықтың жаршысы іспеттес.Оған қандай мақтау айтып, қандай марапат көрсетсеңіз де жарасады. Өйткені оның еңбегінде қайнаған күш-қуаттың, асқан шыдамдылықтың, шыныққан шығармашылықтың бел-белесі астасып жатады емес пе?! Жоғары оқу орнын кеше ғана бітіріп, ұстаздық еңбек әлемінде өзіндік із салушы бүгінгі жас маман елдің ертеңгі жүгін қиналмастан көтеретін шынайы маман иесі болатынына ешкімнің күмәні болмас. Бұған дәлел қашанда табылады. Соның бірі мектебімізде өзінің іденімпаздығымен, іскерлігімен көрініп жүрген «жас та болса болашақта бас бола алады-ау» деген үкілі үмітті арқалауға лайық Атығаева Динара Қалдыбайқызын айтуға болады. Тал бойында бір мін жоқ қазақ қызының кішіпейілділігі мен сыпайылығын айтпағанда, өзінің ісіне жауапкершілікпен қарап, үлкенді үлгі тұтып, кішіге қамқор бола алатын Динараны қашанда мақтан тұта аламыз. Мектеп ұжымының сенімін кеше өткен «Ұстаз болу-жүректің батырлығы» атты қалалық жас мамандар сайысында да ақтай біліп, жүлделі ІІ орынды иеленді. 4 кезеңнен тұратын сайыс барысында Динара Қалдыбайқызы өзін әр қырынан көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Өзін таныстыру кезеңінде ауыз әдебиетіндегі «Қыз Жібек» жырының үлгісімен көрерменді бір тәнті етсе, өз өнерін көрсетуде «Асыл әжем» әнін композициялық қойылыммен ұштастырып, әуелете шырқағанда көзіне жас алмаған адам кемде-кем болды. Бұл да – Динара Қалдыбайқызының өзгелерде жоқ өзіне ғана тән өнерінің, ұлттық дәстүрді құрметтей білетін ұлтжандылығының бір көрінісі. Біліктілігін арттыру деңгейлік курсынан алған білімін іс-тәжірибеде қалай қолданып, қандай нәтижелерге жеткенін шығармашылық тақырыбын қорғау барысында ұтымды баяндай білді. «Тілден асқан асқар жоқ, тілден асқан байлық жоқ, тілден терең теңіз жоқ» деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, сайыс барысында Динара Қалдыбайқызы қызыл тілдің шебері екенін де көпшілікке байқатты. Ситуациялық сұрақ барысында сөзден тосылмай, ұтқыр жауап таба білуі – осының айғағы.
Ұстаздық жолының алғашқы баспалдақтарында осындай нәтижелі жетістікке жетіп, мектеп абыройын асқақтатып жатқан Динара Қалдыбайқызына алдағы уақытта шығармашылық шыңнан көрініп, толағай табыстарды бағындыра бер деген ізгі тілегімізді білдіреміз.