
Театрға саяхат "Астана опера"
«Астана Операның» бас сахнасының көлемі – 935 шаршы метр. Бас сахнаның ені 21 метрді, ал тереңдігі – 59 метрді құрайды.
Театрлардың ішіндегі ең жасы – Опера және балет театры, Астанада 2000 ж. шаңырақ көтерді. Бұл оқиға ҚР Президентінің Жарлығымен Мәдениетті колдау жылымен орайлас шешім тапты. Театрға К. Байсейітованың есімі, сонымен бірге «ұлттық» статусы берілді. Театр тұңғыш спектаклін М. Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсымен бастады. Оның артистер құрамы Қазак Ұлттық музыка академиясы, Қазақтың ұлттық консерваториясы, Алматы хореография училищесі түлектерінен және де болашағы зор дарынды артистер мен тәжірибелі сахна шеберлерінен қалыптасты. Әлемдік опера классикасы маржандарын сахнаға шығару үшін театрға белгілі өнер шеберлері, Ресейдің еңбек сіңірген қайраткерлері режиссер-қоюшы Ю. Александров пен суретші-қоюшы В. Окунев шақырылды. «Ұлттық» деген статусты биік деңгейде ұстау үшін театрға ұдайы және тез өсу қажет еді.
«Астана Операның» бас сахнасының көлемі – 935 шаршы метр. Бас сахнаның ені 21 метрді, ал тереңдігі – 59 метрді құрайды. Ал, «Ослодағы опералық театрдың үлкен сахнасының ені небары 16 метр, ал тереңдігі 40 метр» дейді Мұхтар Абрарұлы. Астанадағы жаңа театрдың қосымша екі бүйірлік сахнасы бар. Театр сленгінде «қалта» деп аталатын бұл сахналар қажет кезде дайын декорацияларымен жылжи жөнеледі. Сөйтіп, қойылымдар циклінің үздіксіздігін қамтамасыз етеді. Осының арқасында «Астана Операда» ең күрделі спектакльдерді сахналауға мүмкіндігі мол.
Сахна астында, 12 метр тереңдікте «төменгі деңгей», яғни автоматты басқару жүйесі бар машинарий залы орналасқан. «Осының барлығы «Астана Опера» сахнасын әлемдегі ең бір техникалық жарақтандырылған сахналардың қатарына қосады» дейді Мәдениет және ақпарат министрі. Оркестр шұңқыры үш тұғырнамада тұрады. Олар әртүрлі деңгейлерде жайластырылған және 120 музыканттың орын тебуіне есептеліпті.
«Астана Опера» залына 1 мың 250 көрермен сияды. Оның партері 450 көрерменге арналған. Басты зал аттың тағасына ұқсас формаға ие, «Ла Скала» сынды әлемдік үздік опера театрлары залына ұқсатып, бірнеше қабат етіп жасалған, бірақ ұлттық үлгіде өрнектелген. Мұның сыртында ғимаратта 8 қосымша зал, 11 репетициялық орынжай, 250 орындық камералық музыка залы, баспасөз залы және басқа да функционалдық бөлмелер бар.