
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 69 жылдығына орай ескерткішке гүл қойылды
Бүгін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 69 жылдығына орай «Отан корғаушылар» монументіне гүл қою рәсімі өтті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен бірге сұрапыл соғыс жылдары қаза болған қазақстандық жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Бүгін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 69 жылдығына орай «Отан корғаушылар» монументіне гүл қою рәсімі өтті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен бірге сұрапыл соғыс жылдары қаза болған қазақстандық жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Мәңгі алау жанына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметінің Құрметті қарауылы қойылды. Шараға үрмелі аспаптар оркестрі, «Жас Ұлан» республикалық мектебінің оқушылары, сонымен қатар, ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Құрметті қарауыл Ротасы қатысты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Атақ гирляндасын қойды. Бір сәт үнсіздіктен кейін еліміздің әнұраны орындалды.
Алаңға жиналған қала тұрғындары мен қонақтары Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қазақстандықтарды құрметпен еске алды.
«Ұлы Отан соғысының ардагерлері, бүгінгі Жеңіс күні мерекесімен сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Жеңіс күні Ұлы мереке! Біздің әкелеріміз, аталарымыз бейбіт күнді аңсап, қасық қаны қалғанша шайқасты. Қазір Қазақстанды дамытып, қуанышты өмір сүрудеміз, болашаққа нық сеніммен қараймыз осының бәрі аталарымыздың еңбегі, солардың батылдығының арқасы. Миллион 800 мың қазақстандық соғысқа аттанды, оның жартысы оралған жоқ. Бұдан басқа тылда 700 мың адам еңбектенді, миллионға жуық, біздің мыс, біздің қорғасын, бәрі де жауды жеңу үшін жұмыс істеді», - деді ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Салтанатты гүл қою рәсімінен кейін ардагерлер мерекелік асқа шақырылды.
Еске салайық, қазіргі уақытта Астанада 258 ҰОС ардагері тұрып жатыр, соның ішінде 194-і соғысқа қатысқан, 64-і ҰОС мүгедегі. Ардагерлердің 218-і ер, 40 әйел. Олардың бәріне жергілікті бюджет есебінен 150 мың теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік қолдау көрсетілді. ҰОС ардагерлері толық көлемде түрғын үймен қамтамасыз етілді, 2009-2013 жылдары 218 пәтер берілді, соның ішінде 2009 жылы 115, 2010 жылы 56, 2011 жылы 22, 2012 жылы 6, 2013 жылы 19 ардагер баспаналы болды. Астана қаласында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне бірқатар әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Ай сайын тұрғын үйдің ауданына байланысты коммуналдық және басқа да қызметтерге төлеу үшін 5 АЕК-тен (9 260 теңге) 8 АЕК-ке (14 816 теңге) дейін әлеуметтік көмек ұсынылады. Бұдан басқа, Астанада ҰОС қатысқандар мен мүгедектерге бірқатар тегін қызметтер көрсетіледі: қалалық жолаушылар көлігінде жүру, тіс протездеу, санаторияларда емделу, дәрі-дәрмектермен қамту.