
1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күні
Елімізде жыл сайын 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күні кеңінен аталып өтуде.
1 маусым балаларды қорғау күні. Бұл күнді олардың өмірін қорғау, денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа демократиялық негізде білім мен тәрбие беру жөніндегі барша әлемдегі озық пікірлердің тоғысқан арнасы десек, артық айтқандық емес. Дәл осы күні болашақта адамгершілікке, әділдікке, баянды өмірге толы қоғамды дамыту оның негізі - балаларға барлық жағдай жасау керектігі паш етіледі. Әлемде өмірі қатерге толы балалар да баршылық. Аш-жалаңаштық, соғыс өрті, терактілер балалардың да психикасына кері әсерін тигізеді. Жасөспірімдер арасында нашақорлар саны өсуде, олардың жартысынан астамы ішімдік ішетіндігі де жасырын емес.
Сондықтан да балаларды қорғау күні мереке ғана емес, болашаққа бағдар жасайтын маңызды шараның бірі. Болашақ ұрпақтың бақытты өмір сүруіне мүмкіндік жасауға арналған күн.
1 маусым мерекесі көпшіліктеріңе қуанышты шақ, өйткені сендердің көптен күткен жазғы каникулдарың басталады.Сендердің жүздеріңнен қуаныш, бақытты күлкі кетпесін, ал жүректеріңде тек мейірім мен шапағат ұяласын.Барлықтарыңа мықты денсаулық, бейбіт өмір және жазғы демалыстарыңның өте жақсы өтуіне шын көңілден тілектеспін!