
Балалардың бір қуанышы – жазғы лагерь
Балалардың бір қуанышы – жазғы лагерь
Жаз - оқушылардың асыға тосатын мезгілі. Әрбір бала жанға жайлы, саф ауамен тыныстап, демалысты қызықты өткізуді армандайды.
Жазғы демалыс баршамыздың асыға да, ерекше күтетін мезгілдеріміздің бірі. Ал, балалар үшін ерекше қуаныш. Балалардың көңіліне қуаныш ұялату әрбір азаматтың міндеті болып табылады. Қала мен аймақ мектептерінде жаз кезіндегі балалардың демалысын тиімді өткізу және лагерлерге қамту жыл сайын дәстүрге айналған шара Білім ордамыздың жанынан құрылған «Балауса» жазғы лагері өз жұмысын қарқынды түрде қызу бастап кетті. Лагерь құрамы 18 отрядтан тұрады. Алғашқы танысу сәтінде топ жетекшілері балаларды қабылдап алып, танысу жұмыстарын жүргізді. Топ мүшелерімен танысу мақсатында «Көңіл- күй терапиясын» өткізді. Келесі күнгі лагерьдің ашылу салтанатына дайындық жұмыстары жүргізілді. Топтың аты, ұраны, әні дайындалды.
Лагерьдің екінші күнінде «Сәлем, шуақты жаз 2014» маусымның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Әр топ басшысы тобын оның ұранымен таныстырып, аға- тәлімгерге есеп берді. Ашылу рәсімі «Киндер сюрпризбен» саяхат жасаумен жалғасты. «Біз бақытты балдырған» таза ауада сурет салу байқауы өткізіліп, жеңімпазадр анықталды. «Қазына байлықты тап» топтар арасында жарыс ұйымдастырылды. Бұл жарыстың ерекшелігі әр топ қазынаны тез табуға белсене қатысып, тапқырлықтарын танытты.
Жаз мезгіліндегі бұл уақыт балалардың негізгі сабақтан, үйреншікті тіршілік қарекетінен босап, өзін қызығушылығымен айналысуына мүмкіндік береді. Сондықтан ұстаз - тәрбиешілерге оқушының бос уақытын дұрыс пайдалануға бағыттаудың, үйретудің мәні зор. Бос уақыт дене және ақыл-ой қызметін тынықтыратын, қарым - қуатты жетілдіретін іс-әрекетке жұмсалуы жөн. Әйтсе де тыныға жүріп, ойын барысында балалардың шынығу – шыңдалу мәселесімен қатар, түрлі бағыттағы іс-шараларға тарту арқылы тәрбиелеу маңызды.
«Балауса» жазғы лагерінің демалушыларына алдымен суда, жолда жүру ережелерімен таныстырылып қауіпсіздік техникасы туралы әңгіме жүргізілді. Спорт жетекшілерінің көмегімен «көңілді старт», таза ауада қозғалмалы ойындар ұйымдастырылды.
4-маусым күні балалар үшін ерекше күн болды. Олар Қазақстан Республикасының Рәміздер күнін ерекше атап өтті. Балақайлар Рәміздердің авторлары жайында, еліне, жеріне арнаған өлең шумақтарын нақышына келтіріп оқыды. Сонымен қатар оң қолдарын жүректерінің тұсына қойып, сол қолымен еліміздің жалауын ұстап, тебірене Әнұранды шырқады.
Лагерь аймағын ерекше безендіріп, ақпараттық тақта орнатып, күнделікті балалармен жүргізілетін іс-шара жоспарларын іліп, лагерь жұмысы қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күнде барлық жағдай жасалған мектепте демалушы, лагерге қамтылған оқушылардың қуанышында шек жоқ. Барлығы да бір үйдің балаларындай тату-тәтті ойнап, тәлім алып жатқан балалардың жүздерінен шат күлкі, қуаныштың лебі еседі. Арнайы кестеге сәйкес пәндік, көгалдандыру жұмыстарына қамтылған оқушылар түрлі іс-шараларға да тартылған. Әр күндері белгілі бір шараға арнап аталған лагерь күні қызықты өтеді. Осындай бала үшін жан жылуын сыйлауды аямайтын ұстаздар мен тәрбиешілер, келесі оқу жылына әр оқушы сана сезімі одан әрі жоғарылап, жан-жақты болуына ықпал етеміз дейді.
Ендеше, «Балауса» жазғы лагерінің балалары мен жетекшілеріне сәттілік тілеп, жазғы демалысты естен кетпестей етіп өткізіп, көңілдеріңізді сән мен мәнге толтырып, көңілді әндеріңізді шырқай беріңіздер дейміз.