
Негізгі мектепті бітіру салтанаты
Жыл сайын маусым айының шуақты күнінде мемлекеттік емтихан тапсырғаннан кейін мектепте есейген оқушылар достарымен, ата-аналары және мұғалімдерімен жиналады.
2013-2014 оқу жылында 9 сыныпты аяқтаған оқушыларға негізгі мектепті бітіргендігі туралы куәлік тапсыру салтанаты өтті.
Салтанатты жиын барысында алдымен сөз алған мектеп директоры Жакенбай Шәріпхан Қажытайұлы, оқушыларды негізгі мектепті аяқтауларымен құттықтап, ақ жол тіледі. Салтанатты жиын одан әрі оқушыларға куәлік тапсыру сәтіне ұласты.
Биылғы оқу жылында 68 оқушы негізгі мектепті аяқтады. Олардың арасында түрлі конкурстардың жеңімпаздары мен қалалық, аудандық, республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері бар. 9 жылдық білімді үлкен жетістікпен аяқтап, мектеп мақтанышына айналып, 7 оқушы «үздік куәлік» иесі атанды. Олар: Адетхан Рауан, Білалов Ернұр, Қайролла Әділхан, Жалғасбай Ақжан, Маханова Меруерт, Марат Еркебұлан, Орынбасаров Дәулет.
Мектеп бітіруші оқушылардың кейбіреулері өз білімдерін одан әрі колледждерде жалғастырмақшы. Бұл өте көңілді және бір жағынан сағыныш ұялататын мектеппен қоштасу кеші десекте болады. Оқушылар мұғалімдерге деген жылы лебіздерін айтып, мұғалімдер оқушыларға ақ жол тілеп, алға қойған мақсаттарына жететіндеріне сенімдерін білдірді.