
18 маусым күні сағат 16.00-де Астана қаласындағы № 58 мектеп – гимназиясының 11-сынып оқушыларына жалпы орта білім туралы аттестат тапсыру рәсімі салтанатты түрде өтті.
18 маусым күні мектебімізде мектеп бітіруші түлектердің 11 жыл бойы алған білімінің белгісі – аттестат алу құрметіне «Қош бол ұстаз, алтын ұя мектебім!» атты кеш өтті.
Жаңа өмірге жолдама алу - алтын ұя мектебін бітіріп, қияға қанат қағатын жас түлектер үшін ең бір ұмытылмас жүрек тебірентерлік сәт.
Мектеп директоры А.Қ.Умарова құттықтау сөзінде 2013-2014 оқу жылы мектебіміз үшін табысқа толы жыл болғанын айта келе, биылғы оқу жылының қорытындысы бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуден мектебіміздің үмітін ақтаған «Алтын белгі» иегері Боранбай Махаббат, «Қызыл аттестат» иегері Жукеева Анар, жоғары ұпай жинаған түлектеріміз, жалпы 95,2 балмен мектеп, ұстаз және ата – ана мерейін үстем қылғанын айтты.
Сонымен қатар халықаралық, республикалық, қалалық, аудандық пән олимпиада жеңімпаздарымен бірге білім мен өнерді ұштастырған оқушыларды атап өтіп, мадақтамамен марапаттады. Осы кеште балаға саналы тәрбие ғана беріп қоймай, олардың білімді азамат болып өсуімен қатар үлкен жетістікке жетуіне атсалысқан ата-аналар да марапатталды.
Ел ертеңі, ақылына білімі сай тәуелсіз елдің жастары түлектерге: «Ұстаз жаққан кеудедегі от сөнбей, жақсы іспен қуантыңдар енді елді»- деген ақ тілегін білдіріп, сәт сапар тіледі.
Ата-аналар атынан сөз «Қызыл аттестат» иегері Жукеева Анардың атасы Жукеев Қарталы Гельмановичке берілді. Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында, әр адамның жүрегінде ізгілік сәулесі болса, ол – мұғалімнің еңбегі екенін айта келе, немересін осындай дәрежеге жеткізген ұстаздар қауымына жасап жатқан еңбектері үшін алғысын білдірді. Жас түлектерге жарқын болашақ тілеп, ақ батасын берді.
Балалық бал дәурен шақты артқа салып, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған түлектер атынан «Алтын белгі» иегері Боранбай Махаббат сөз сөйледі. Он бір жыл білімге үйреткен аяулы ұстаздарына, ата-ана мейіріміне алғыс айтып, бірге оқыған дос –құрбыларына сәттілік тіледі.