
29.06.2014 ж. Айтхожин Мұрат Әбенұлы
Бүгін биология ғылымының докторы, профессор, академик, Айтхожин Мұрат Әбенұлына 75 жас.
Айтхожин Мұрат Әбенұлы (29.6.1939, Петропавл — 19.12.1987, Алматы) – биология ғылымының докторы (1977), профессор (1980), Қазақстан ҒА-ның корреспондент мүшесі (1979), академик (1983), Қазақстанда молекулалық биология мен биотехнологияның негізін қалаушылардың бірі, ғалым.
ҚазМУ-ді бітірген (1962). ҚР ҒА-ның Ботаника институтында кіші (1965), аға (1967) ғылыми қызметкер, директор (1978 — 1983), Молекулалық биология және биохимия институтында директор (1983 —1987), Қазақстан ҒА-ның президенті (1986 — 1987) болды. Айтхожин — клеткалық макромолекулалардың (нуклеин қышқылдары мен белоктың) синтезі саласында аса құнды зерттеу жұмыстарын жүргізді. Эукариоттық клеткаларда кездесетін клеткалық бөлшектердің жаңа класын, ақпараттық рибонуклеин қышқылдарының (ақпараттық РНК-ның) рибонуклеопротеидтік түрін (РНП-ті) — информасоманы ашқан. Айтхожин бидай дәнінің эмбриогенезі, пісіп-жетілуі, тұқымынан өнуі кезінде оның клеткаларында жүретін құбылыстарды: ақпараттық РНК-ның биогенезін, түзілуін, сақталуын және оның құрылымдық ерекшеліктерін зерттеді. Өсімдік рибосомаларының физикалық-химиялық қасиеттерін анықтап, олардың жануар рибосомаларына ұқсас екенін байқады. Жануар мен өсімдік клеткаларының суббөлшектерінен тұратын әрекеті күшті будан рибосомалар алуға, оларды зерттеуге болатынын тәжірибе жүзінде дәлелдеді. Бұл зерттеулердің эволюциялық теорияны дамытуда үлкен маңызы болды.
Биохимиялық тәжірибелерді автоматтандыру саласында белсенді басшылық жасады. Қазақстан ҒА-ның жанынан Молекулалық биология және биохимия институтын ашқан (1983). Осы институт құрамында клеткалық және генетикалық инженерия, трансгеноз лабораторияларын, Биотехнология орталығын (1987) ұйымдастырған. Айтхожин Лениндік сыйлықтың лауреаты (1976). Ол халықаралық Бейбітшілік қорының Алтын медалімен (1987), “Халықтар достығы” орденімен (1987) марапатталған. Алматыда Айтхожин тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылған, Молекулалық биология және биохимия институты оның есімімен аталады.
Комментариев нет
Просмотров: 862