Меню KDT

Сыңғырла, Соңғы қоңырау

Еліміздің барлық білім ордаларында бүгін күміс қоңырау үні естілуде. Әр мектепте соңғы қоңырау мерекесі – бұл мектеп тарихына енетін көңілді әрі қуанышты оқиға. 


Сыңғырла, Соңғы қоңырау

           Еліміздің барлық білім ордаларында бүгін күміс қоңырау үні естілуде. Әр мектепте соңғы қоңырау мерекесі – бұл мектеп тарихына енетін көңілді әрі қуанышты оқиға. Түлектер өздерінің он бір жыл білім алған алтын ұяларымен қоштасса, ұстаздар өздерінің сүйікті шәкірттерін өмірге қанаттандырады. Балдәурен балалықпен қоштасып, үлкен өмірге жолдама алғалы отырған түлектер үшін он бір жыл бойы серік болған соңғы қоңырау үні алыс сапарларға қимастықпен шығарып салмақшы. Алтын ұяның күміс қоңырауымен қоштасар кезде қимастық пен қуаныш сезімдері жетелеп, жүректері лүпіл қағуда.

11 жыл бойы әліппеден бастап өмір заңдарына дейін үйреткен ұстаздардың шәкірттермен қоштасу мерекесі  мектебімізде салтанатты түрде өтті. Оқушылардың  көтеріңкі көңіл күйі мен көрсеткен өнерлері  бұлтты күнді нұрға бөлеп, даланы шуақты күнге айналдырып жібергендей болды. Ұстаздарына  деген ыстық лебіздері мен гүл шоқтары  кештің ажарын аша түсті. 1 – сынып бүлдіршіндері түлектерге  шумақ өлеңдерін арнап жатса, түлектер дәстүрлі «Білім кілтін»  ізбасарларларына аманат  етіп ұсынды. 

 Мектеп директоры Шаяхметова Айтжан Ермұханқызы түлектерге өзінің ыстық жүрекжарды лебіздерін арнай отырып,  Ақ жол тіледі. Түлектерімізге құттықтаулары мен ақ тілектерін жеткізуге Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Басқармасының жетекшісі Кудеринова Айгерім Мерекеқызы, «Астана дарыны» өңірлік ғылыми -  практикалық орталығының бас маманы Абишева Анар Халелқызы, «Нұр Отан» халық демократиялық партиясының өкілі Кәкен Қарлығаш Ғазизқызы  сөз алып,  барлық оқушылар мен ұстаздарды оқу жылының аяқталуымен құттықтады.  Сонымен қатар ата-аналар атынан Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты Бақытбек Смағұлұлы өзінің түлектерге арнайы жазып келген өсиет жырын оқып берді. Бұл жыр түлектерге қанат бітіріп, келешекке самғауға шабыт бере түсті.

          Кеш соңында түлектердің қадамына ақ мата төселіп, Ақ жол тіледі.    

          Биыл мектебімізден 117 түлек  түлеп ұшқалы отыр.  Оның  ішінде  9 оқушы  «Алтын белгі» үміткерлері және биылғы оқу жылында халықаралық ғылыми жобалар сайысында жүлделі орын алып, ерекше жетістікке жеткен оқушылар жетерлік.

  Құрметті жас Түлек – 2015! Келешегің кемел, болашағың нұрлы болсын. Асқар шыңдарды бағындырыңдар. Қонар тұғырларың биіктей берсін. Үлкен өмір жолына бастар қадамдарың сәтті болсын!



Комментариев нет
Просмотров: 568
Автор: 66mektep
Сайт: www.66.astana-bilim.kz
Добавлено: 25.05.2015 в 00:00