Меню KDT

Абай елінде

Қазақстан Республикасы жалпы білім беретін ұйымдарының оқушылары арасында өткізілетін ХVI Республикалық  Абай оқулары өтті.

Халқымыздың үш бірдей даналарын өмірге әкелген Абай елі республиканың әр өңірінен келген ұстаздар мен оқушыларды құрметпен қарсы алды.


         Қазақстан Республикасы жалпы білім беретін ұйымдарының оқушылары арасында өткізілетін ХVI Республикалық  Абай оқулары өтті.

Халқымыздың үш бірдей даналарын өмірге әкелген Абай елі республиканың әр өңірінен келген ұстаздар мен оқушыларды құрметпен қарсы алды.

Биылғы жылы айрықша назар аударалық іс – шара Абай оқулары аясында өткен «Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған жыршылар сайысы» болды. 

         Қазақ халқының ұлылары нәр алған батырлық дастандары Семей қаласының сахна төрінде ерекше мақаммен жырланып, көнеден қалған асыл жырларымызды көпшілікке паш етті. Өз тегімізде бар, бірақ ұзақ уақыт көңілден таса қалған қазынамызға жолығып, жас ұрпақтың жан жүрегімен тебіреніп, төрт мың жолға дейін жаттап жырлағанын естігенде, жүрек толқып, көзімізге жас алдық.Бізді осындай толғанысқа жеткізген талантты шәкіртіміз Қызылорда қаласы №3 мектептен келген жас қыран Аппазов Алмас еді.

         Ұлыларын ұлықтаған елдің өркені өсер. Сапарымыз ұлы Абайдың елінде жалғасты. Бөрілідегі М. Әуезов мұражайына саяхат жасадық. Данышпан Абайды қазақ халқының маңдайына бақ етіп сыйлаған Қасқабұлақтың мөлдір бұлағынан су іштік. Арманда кеткен ғашықтар Еңлік – Кебектің басына тағзым еттік. Шілікті кезеңі мен Еңлік пен Кебектің мекені Үй тасты араладық. Осы кезеңдердің бәрінде дала сахнасында театрландырылған тамаша көріністер куәсі болдық.

         «Бір үмітті сәуле етіп» киелі жер Жидебайға да ат басын тіредік. Ұлы дананың мұражайына кіріп, тағзыметтік. Баға жетпес байлыққа ие болдық.

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан өңшең шашасына шаң жұқпаған тұлпарлар сайысы дүбірлеп өтті. Қамшы салдырмаған шын жүйрікті көзіміз көрді.

         «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» бөлімі бойынша Абай мен Шәкәрімнің 380 шығармаларын жатқа айтқан ШҚО, Зайсаннан келген дара тұлпар Дүйсенбекова Зарина болса, 361 шығарма жаттаған Жамбылдың жас өрені Қанат Дастан да осал болмады.

         «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» бөлімде жас ақындар сайысқа түсті. Балауса ақындардан 1 – орын ШҚО, Абай ауданынан келген Оралқызы Заринаға берілсе, 2 – орын Батыс Қазақстаннан келген Құбашев Ақеділге берілді.

         «Көңілім әнді ұғады» бөлімі бойынша көңілді толқытқан әншілер Қарағанды өнерпазы Жанділда Жасмин болса, Жамбылдан келген Шухратова Алина да өзінің нағыз өнерпаз екенін байқатты.

         Елордамыз Астанадан барған шәкірттеріміз де қанжығасы майланып қайтты. №64 мектептің оқушысы Құрмантаев Сағынтай жыр додасының

2 – орын жүлдегері атанса, №35 мектептің жас ақыны Қанафин Әділет

3 – орынға ие болып, өлең жаттау сайысынан №68 мектептің оқушысы Әділетхан Ринат 3 – орын алды.Жас дарындарды баптаған ұстаздарына айтар алғысымыз мол.

         Адамзаттың Абайы атанған дананың рухани байлығын жас ұрпақтың бойына дарытар игі істің он алтыншы рет өткізілуі – жанға шипа, дәтке қуат.

Абай айтқан «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» иесі ҚР Білім және ғылым министрлігінің бас сарапшысы Баттал Роза Мұхамеджанқызының Абай оқуларын өткізудің алғашқы күнінен бастап сіңірген ерен еңбегіне ризамыз.

 

Астана, №48 мектеп – лицей қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
«Құрмет белгісі» орденінің иегері, халықаралық дәрежедегі әдіскер,«Отбасылық сауаттылық»жобасының авторы
Момынқұлова Алтын


Комментариев нет
Просмотров: 460
Автор: 48mektep
Сайт: 48mektep.edu.kz
Добавлено: 17.09.2015 в 17:22