
1-11 сыныптар арасында ата-аналар жиналысы өтті
18 қыркүйек 2015ж. 18.30 да 1-11 сыныптар арасында «Ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігі, ата-ананың мектептегі алатын орны» атты жалпы ата-аналар жиналысы өтті
Ұлағатты ұстаздар, ардақты ата - аналар! Жел бесіктен, жер бесікке дейінгі адам өміріндегі тәрбиенің ұйытқысы ата - ана мен мектеп. Болашақ десек те, келешек десе де бала - ұрпақ деген мағынаны білдіреді. Адамның өзге тіршілік иесінен айырмашылығы – дүниеге перзент әкелген соң, оның болашағын ойлау, адам етіп тәрбиелеу. Бала тәрбиесі – бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның мемлекеттік абыройлы міндеті. Кезінде Әл Фараби бабамыз «Ғылым емес, ең алдымен тәрбиеге көңіл бөлу керек, тәрбиесіз адамға ғылым баянды болмайды» - демеп пе еді. Осыған орай бүкіл ата - ана тәрбиеге бет бұруы керек. Ұрпақ тәрбиесіне мүдделі екендігін ата - аналар іс - жүзінде дәлелдеп отырулары тиіс. Міне осындай ынтымақ бірлігінде ғана ойдағыдай нәтиже берері ақиқат. Осыған орай, мектепте қыркүйек айының 18 жұлдызында «Ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігі, ата-ананың мектептегі алатын орны» тақырыбында жалпы мектепішілік ата-аналар жиналысы өткізілді. «Дін және діни сауаттылық» тақырыбында Еуразия Ұлттық Университетінің дінтану кафедрасының доценті Тышқан Кеңшілік баяндама жасады. «15-19 жастағы балаларды қызылшаға қарсы егу жұмыстары» тақырыбында №2 поликлиника меңгерушісінің орынбасары Жанна Ишимбаевна сөз сөйледі. «Кәмелетке жасы толмағандардың арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыбында мектеп инспекторы Маханбетова Жанат Абдрахманқызы баяндама жасады. Ата-аналар жиналысына Астана қаласы ІІД-нің әкімшілік полиция басқармасының ювиналдық полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Садықов Азамат Сапарханович жиналысқа қатысып сөз сөйледі.