Тамыз айының алғашқы жексенбісі еліміздегі жүз мыңдаған теміржолшылардың төл мерекесі болып табылады
Тамыз айының алғашқы жексенбісі еліміздегі жүз мыңдаған теміржолшылардың төл мерекесі болып табылады. Бұл мерекенің ежелден тілге жатық атауы – теміржолшылар күні, ол темір жол көлігі тасымалы саласында еңбек еткен, әлі де қызмет етіп жүрген, кешегі-бүгінгі барша теміржолшыларды біріктіретін мереке.
Қазақстан темір жолының тарихы 1893-1894 жылдардан бастау алады. Бұл ұзындығы 369 шақырым тар табанды Покровская Слобода – Орал темір жол желісі болды, оның 113шақырымы Қазақстан жерінде болды.
1904 жыл Қазақстанда темір жол көлігінің іргетасы қаланып, ұзындығы 1668 шақырым Орынбор-Ташкент темір жолының құрылысы басталған болып есептеледі.
Темір жол бойында қалалар мен өнеркәсіп орталықтары өсті: Ақтөбе, Қазалы, Түркістан, Қызылорда, Арал және т.б.
Отан соғысы жылдарында Ембі мұнай кәсіпшіліктерін байланыстыратын Гурьев – Қандағаш-Орск темір жолы сияқты стратегиялық маңызы бар темір жол желілерінің құрылысы жалғасты. Астрахань-Гурьев теміржол құрылысы майдан қажеттілігіне орай басталып, Сталинград майданының жеңіспен аяқталуына байланысты құрылыс тоқтатылады.
Ұзындығы 333,5 шақырымды құрайтын Гурьев – Астрахань темір жол желісі 1970 жылы салынып, пайдалануға берілген.





