Меню KDT

Павлодарда Ж.Аймауытовтың 135 жылдық мерейтойына арналған «Ертіс-Баян» І республикалық театр фестивалі өтті


20-25 қыркүйек күндері Павлодарда Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдық мерейтойына арналған «Ертіс-Баян» І республикалық театр фестивалі өтті. Ұйымдастырушы – Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры.
11 театр, жалпы саны 288 актер қатысқан өнер додасында бегзада көрермен еліміздегі ең үздік туындыларды тамашалап, рухани ләззат алды. Мәдени майданның лебін сезінді.
Аймауытов театрының басшысы Арман Темірбек атап өткендей, фестиваль мақсаты – қазақ театрлары арасында тәжірибе алмасып, достықты нығайту, актерлер мен көрермен арасында алтын көпір салу. Фестиваль бұл биік үдеден толықтай көріне алды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек бастаған қазылар алқасы барлық спектаклді талқылап, әділ бағасын беруге тырысты.
«Соңғы жылдары отандық театр өнері саласында фестивальдардың жолға қойыла бастағаны аңғарылады. Ал фестивальдың олжасы – жақсы спектакль. Астана Жастар театры қойған «Күйеу бала» спектаклі бізді қуантты. Қазақ театрында соңғы уақытта драма жанры жоғалып кетті деген пікірлерді естіген едік. Бұл пікірді аталған қойылым ығыстырып шығарғандай көрінді. Екінші бір ұнаған қойылым – Ж.Аймауытұлы театрының труппасы сахналаған Шекспирдің «ІІІ Ричард» трагифарсы. Режиссер С.Левицкийдің айтқысы келген ойын актерлер толықтай жеткізе білген»,-деді қазылар алқасының төрағасы Еркін Жуасбек.
 
«Ертіс-Баян» І республикалық театр фестивалінің жүлдегерлері төмендегідей:
1.«Үздік сценографиялық шешім» номинациясы -  С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық драма театры, «Қарагөз» спектаклі;
2.«Үздік ансамбль» номинациясы - Абай атындағы Абай облыстық қазақ музыкалық драма театры, «Абай айтқан Еңлік-Кебек» спектаклі;
3.«Үздік эпизодтық ер адам бейнесі» номинациясы - Қайрат Мурзабулатов «Тартюф» спектакліндегі (Лояль мырза бейнесі үшін), (Құсаинов театры)
4.«Үздік эпизодтық әйел адам бейнесі» номинациясымен - Талжібек Атамбек «Ричард III» спектакліндегі (Герцогиня Йорк бейнесі үшін), (Аймауытов театры)
5.«Үздік ер адам бейнесі» номинациясы - Ислам Жақсылық «Шинель» спектакліндегі (Акакий Акакиевич ролі үшін), (Мұқанов театры)
6.«Үздік әйел адам бейнесі» номинациясы - Ақбота Макежанова «Ақан сері туралы аңыз» спектакліндегі  (Бәтима ролі үшін), (Мәмбетов театры)
7.«Палводар облысы әкімінің арнайы жүлдесі» - Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық  қазақ музыка-драма театры «Ричард III» спектаклі
8.«Үздік режиссерлік шешім» номинациясы - Дәурен Серғазин («Күйеу бала» спектаклі үшін)
  1. Бас жүлде - Астана қаласы әкімдігінің «Жастар театры» («Күйеу бала» спектаклі)
Осылайша Бас жүлдеге тігілген 1,5 млн теңге елордалық актерлерге бұйырды. Павлодар төрінде олжаға кенелген режиссер Дәурен Серғазин жалпы режиссурамен он жылдай айналысып, бүгінде онға жуық қойылымды сахнаға алып шыққанын жеткізді. «Бұл – өнердегі ұстазым Нұрғанат Жақыпбайдан үйренген дүниелерімнің жетістігі. Сол кісіден тәлім алғанымды мақтаныш етемін. Құдай қуат берсе, алдағы уақытта режиссерлік жолымды жалғастыра беремін деген ойдамын. Бүгінгі жеңісім – жеке шығармашылығым үшін үлкен ынталандыру», дейді өнер иесі.

 


Комментариев нет
Просмотров: 21
Автор: aimauytovteatry
Сайт: kmdt.kz
Добавлено: 16.10.2024 в 18:16