Ғаламтордың пайдасы мен зияны
07.11.2024 жылы Мұқағали Мақағали атындағы тірек орта мектебінде (РО) «Әлемді билеген интернет» тақырыбындағы атқарылатын бірлескен іс-шаралардың айлық жоспары бойынша дебат клубының жетекшілері Г.Кишкашева мен Б.Кусаинова «Ғаламтордың пайдасы мен зияны» тақырыбында дебат өткізді. Аталған дебатқа 9-сынып оқушылары белсене қатысты. Дебаттың мақсаты: Бүкіләлемдік өрмек – интернетке байланысты оқушылардың білімдерін нығайту, тиянақтау, оқушылар өз ойларын ортаға салып,өздерін сабырлы әрі тәртіпті ұстауды ескеріп, бір-бірін тыңдай білуге тәрбиелеу еді. Екі топ өздерінің берілген тапсырмаларының екі жағын да қарастырып, ғаламтордың пайдасы мен зияны туралы пікірталас жүргізді. Ғаламтор - ғылым мен техниканың шынайы жетістігі. Ол - сөзсіз. Интернетті қолдана алатын кез келген адам өзіне қалаған ақпарат пен мағлұматты тауып, қажетіне жарата алады, мазалап жүрген сауалдарының жауабын табады. Әлемдік жаңалықтар мен оқиғалардан хабардар болып отыруға көмектеспек. Бұл жағынан интернет адамның білімі мен қабілетін, тұлғалық қасиеттерін дамытуға ықпал етеді. Өкінішке орай, жоғарыда айтылған ғаламтордың артықшылықтарына қарамастан, оның зиян жақтары да көп болып шықты. Ғаламторға деген тәуелділік қазір ғаламдық мәселеге айналып бара жатыр. Соның кесірінен адамдар арасындағы күнделікті байланыс бұзылып барады. Адамдар бір-бірімен сөйлесуді, әңгімелесуді, сырын бөлісуді ұмытып бара жатқандай. Жылы шырай танытып, шүлдірлеп сөйлесуден, жанды, табиғи қатынастан қалып барамыз.Қазақ тіліндегі сөздік қорымыздың жиі қолданылуына септігімізді тигізіп,тілдік мәденитімізді көркейтейік деген үндеу тастайық!
,