
Астанада АЭС иесі мен операторының құрылымын қалыптастыру жөніндегі АЭХА семинары басталды
2025 жылғы 20–24 қазан аралығында Астанада Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) ұйымдастырған оқу семинары өтуде. Іс-шара Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-нің қолдауымен өткізілуде.
2025 жылғы 20–24 қазан аралығында Астанада Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) ұйымдастырған оқу семинары өтуде. Іс-шара Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-нің қолдауымен өткізілуде. Семинардың негізгі тақырыбы – атом электр станциясының иесі мен операторының рөлдері мен міндеттерін айқындау және олардың ұйымдық құрылымын қалыптастыру. Семинарды АЭХА техникалық қызметкері, оқу бағдарламасының үйлестірушісі және семинар жетекшісі Эрик Матэ ашты. «Қазақстан өз атом электр станциясын салуға дайындықтың маңызды кезеңіне қадам басты. Бұл кезеңде жобаны барлық сатысында – тұжырымдамалық жоспарлаудан бастап, қауіпсіз және тұрақты пайдалануға дейін – тиімді басқаруға қабілетті сенімді операциялық құрылымның негізін қалау аса маңызды», – деді Э. Матэ. Ол сондай-ақ АЭХА Қазақстанға жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыратынын атап өтті. Агенттік әдістемелік сүйемелдеу, нормативтік базаны жетілдіру, кадр даярлау және институционалдық тетіктерді нығайту бағыттарында өз көмегін көрсетпек. Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегіагенттігі атынан Ядролық энергетика департаментінің директоры Гүлмира Мұрсалова сөз сөйледі. Ол АЭХА сарапшыларына іс-шараны ұйымдастыруға қосқан үлестері үшін алғыс білдіріп, семинар жұмысына табыс тіледі. «Бұл семинар ұлттық кадрлық және институционалдық әлеуетті қалыптастырудың маңызды кезеңі болып табылады. Қазақстан атом энергетикасын дамытуға жүйелі түрде қарап, халықаралық серіктестермен, соның ішінде АЭХА-мен ынтымақтастықты тұрақты әрі қауіпсіз ілгерілеудің негізі ретінде қарастырады», – деді Г. Мұрсалова. Семинар бағдарламасы аясында «ҚАЭС» ЖШС жоба жетекшісі Жомарт Жасанов баяндама жасады. Ол жоба бойынша ағымдағы жағдаймен таныстырып, атом электр станциясының иесі мен операторының рөлі мен болашақ функциялары туралы баяндады, сондай-ақ ұлттық ядролық бағдарламаны іске асыруда АЭХА-ның кезеңдік тәсілін (Milestones Approach) қолдану тәжірибесімен бөлісті. «АЭС құрылысы жобасын біз елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға және Қазақстанның атом саласында заманауи қауіпсіздік мәдениетін дамытуға бағытталған стратегиялық міндет ретінде қарастырамыз», – деді Ж. Жасанов. Семинар бағдарламасы атом электр станциясының өмірлік циклінің барлық кезеңдерін қамтиды – тұжырымдамалық жоспарлау мен жобалаудан бастап, пайдалануға енгізу мен ұзақ мерзімді сенімді жұмысты қамтамасыз етуге дейін. Ерекше назар оператор-компанияның тиімді құрылымын қалыптастыруға, негізгі құзыреттерді дамытуға, басқару жүйесін құруға, кадр даярлауға, сондай-ақ лицензиялау, шарттық қызмет, құрылыс барысын қадағалау және реттеуші органдармен өзара іс-қимыл мәселелеріне аударылған. Оқу бағдарламасына Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жәнідегі агенттігінің, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС мен Ядролық физика институтының өкілдері қатысуда. Олар болашақта ұлттық атом бағдарламасын іске асыруда және АЭС иесі мен операторының толыққанды институционалдық моделін қалыптастыруда негізгі рөл атқаратын болады.