Меню KDT

Қазақстан алғаш рет Париждегі Дүниежүзілік ядролық көрмесіне қатысты

Қазақстан биыл алғаш рет Парижде өтіп жатқан World Nuclear Exhibition 2025 – Дүниежүзілік ядролық көрмесіне қатысты. Бұл – ядролық энергетика саласындағы ең ірі халықаралық іс-шаралардың бірі. Көрмеге жетекші энергетикалық компаниялардың басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері мен халықаралық ұйымдар жиналды


Қазақстан биыл алғаш рет Парижде өтіп жатқан World Nuclear Exhibition 2025 – Дүниежүзілік ядролық көрмесіне қатысты. Бұл – ядролық энергетика саласындағы ең ірі халықаралық іс-шаралардың бірі. Көрмеге жетекші энергетикалық компаниялардың басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері мен халықаралық ұйымдар жиналды.

Қазақстандық делегация құрамында Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, Ұлттық ядролық орталық және Ядролық физика институтының өкілдері бар.

Көрменің ашылу салтанатында АЭХА бас директоры Рафаэль Гросси ядролық энергетиканың әлемдік тұрақты дамудағы маңызын атап өтті.

«COP28 конференциясында атом энергетикасының орны толмас рөлі мойындалғаннан бері екі жыл өтті. 2050 жылға дейін ядролық қуатты үш есеге арттыру жөніндегі міндеттемелер нақты іске асуда. Сала уәдеден нақты нәтижеге көшті: елдер қолданыстағы бағдарламаларын кеңейтіп, жаңа жобаларды іске қосып, болашақтағы энергия қажеттілігін өтеу үшін нормативтік базасын жетілдіруде», — деді Рафаэль Гросси.

Көрмеде Қазақстанның ұлттық павильоны ұсынылды. Онда еліміздің атом өнеркәсібіндегі негізгі жетістіктері көрсетілген. Экспозиция Қазақстанның уран өндіруден бастап, жоғары технологиялы өндіріс пен дайын ядролық отын шығаруға дейінгі толыққанды, заманауи ядролық кластер қалыптастыру жолындағы жетістіктерін таныстыруда.

Сонымен қатар, павильонда еліміздің атом саласын дамытуға бағытталған қазіргі бастамалары мен стратегиялық жоспарлары, соның ішінде өз атом электр станцияларын салу жобалары ерекше назарға алынған.

Іскерлік бағдарлама аясында қазақстандық делегация мүшелері әлемнің жетекші компаниялары мен Францияның мемлекеттік құрылымдары және салалық қауымдастықтар өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізуді, тақырыптық сессияларға қатысуды жоспарлап отыр.

Көрме барысында ядролық энергияны қауіпсіз пайдалану, инновациялық және цифрлық технологияларды енгізу, сондай-ақ білікті кадрлар даярлау мәселелері де талқыланбақ.


Комментариев нет
Просмотров: 9
Автор: knpp
Сайт: knpp.kz
Добавлено: 06.11.2025 в 21:28