«ИНКЛЮЗИЯ: ТЕҢ МҮМКІНДІКТЕР КЕҢІСТІГІ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ
2025 жылғы 28 қарашада «Шәкәрім университеті» КеАҚ және «Абай облысының білім басқармасы» ММ ұйымдастыруымен білім беруде инклюзивті мәдениетті дамытуға арналған «Инклюзия: тең мүмкіндіктер кеңістігі» халықаралық форумы өтті.
Форумның негізгі мақсаты – инклюзивті білім беруді ілгерілету, дербестендірілген тиімді стратегияларды енгізу, сондай-ақ ғылыми-практикалық идеялар мен озық тәжірибемен алмасу.
Іс-шараға аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары, әдіскерлер, мектепке дейінгі, жалпы орта және арнайы білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтері қатысты. Қатысушылар саны 150-ден асты.
Пленарлық отырыс
Форумның бірінші бөлігі Семей қаласы «Шәкәрім университетінің» «Үш анық» конференц-залында өтті. Отырысты Шәкәрім университетінің ректоры Думан Рымғалиұлы Орынбеков ашып, форумның мектепке дейінгі ұйымдар, мектептер және жоғары оқу орындары арасындағы жүйелі әріптестікті нығайтудағы маңызын атап өтті.
Форум ресми түрде Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Ақылбекұлы Раханов пен Абай облысы білім басқармасының басшысы Бауыржан Амангелдіұлы Ердембековтің құттықтау сөздерімен ашылды.
Форум спикерлері
Іс-шараға Қазақстан өңірлерінен, сондай-ақ Ресей Федерациясы мен Қырғыз Республикасынан келген жетекші сарапшылар, ғалымдар және педагогтер қатысты.
Негізгі спикерлер:
Лаура Аскаровна Бутабаева – ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Арнайы және инклюзивті білім беруді дамыту ҰҒПО директоры
Светлана Кожаковна Исмагулова – Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА, Инклюзивті білім беру орталығының бас сарапшысы
Елена Сергеевна Дорохова – Алтай мемлекеттік педагогикалық университеті (РФ)
Миргуль Молутбековна Эсенгулова – И. Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университеті
Алия Рахметоллиновна Алимбаева – Семей медицина университетінің неонатология саласындағы жетекші маманы
Алмагүл Аманжоловна Сәлімбаева – «ВІ-Жұлдызай» корпоративтік қайырымдылық қорының басшысы
Рымжан Толеухановна Тынысова – Абай облысы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының өкілі
«Шабыт пен шеберлік» шығармашылық көрмесі аясында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың шығармашылығы мен педагогтердің авторлық тәжірибесі ұсынылды.
Көрмеге арнайы және жалпы орта білім беру ұйымдары қатысты:
Арнайы мектеп-интернаттар (№3, №4, №6)
ЕББҚ бар балаларды қолдау орталығы
Семей қаласының әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы
Семей қаласының №17, 20, 36, 42 мектептері
Аягөз ауданының білім беру ұйымдары
Бұл көрме балалардың талантын танытып, инклюзивті мәдениеттің қоғамда берік қалыптасуына үлес қосты.
Форум инклюзивті білім беру саласындағы ынтымақтастықты, кәсіби диалогты және жаңашыл идеяларды дамытуға серпін берді. Тең мүмкіндіктер – бәріміздің ортақ құндылығымыз.