Панельдік сессия – форумның ІІ бөлімі өтті
«Инклюзия: тең мүмкіндіктер кеңістігі» халықаралық форумының екінші бөлігі Семей қаласы білім бөлімінің «№50 жалпы орта білім беретін ІТ мектеп-лицейі» КММ базасында жалғасты. Панельдік сессия барысында педагогтер ғылыми-практикалық инклюзивті тәсілдерді, арнайы және инклюзивті білім беру саласындағы заманауи тәжірибелерді ұсынып, олардың білім алушыларға тигізетін ықпалы туралы жан-жақты баяндады.
Спикерлер балалармен жұмыс істеуде қолданылатын тиімді әдіс-тәсілдерді көрсетіп, инклюзивті білім берудегі жаңашыл амалдардың маңыздылығына тоқталды. Педагогтер өз тәжірибелері арқылы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың әлеуетін ашуға бағытталған ғылыми-зерттеу нәтижелерін бөлісті.
Сессия жұмысына мектепке дейінгі, жалпы орта, арнайы, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері мен арнайы мамандар қатысып, инклюзивті саясаттың табысты жүзеге асуы – ғылыми зерттеулердің, тәжірибе алмасу тетіктерінің және білім беру ұйымдарының үйлесімді жұмысының нәтижесі екенін атап өтті.
Іс-шара соңында қатысушылар мұндай кәсіби кездесулердің инклюзивті білім сапасын арттыруға қосар үлесін ерекше атап, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Сондай-ақ болашақта тәжірибе алмасу форматын кеңейтіп, кәсіби диалогтарды жалғастыруға ниет білдірді.
Форумның бұл кезеңі педагогтер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қолайлы, қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған маңызды алаң болды.