Меню KDT

Дарынды актердің рухына тағзым

Павлодар қаласында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының негізін қалаушылардың бірі, дарынды актер Тәжібаев Сейітжан Айтқожаұлына арналған мемориалдық тақта ашылды.


Дарынды актер 1990 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрында еңбек етті. Керекулік театрдың қалыптасып, дамуына айтарлықтай үлесін қосты. Көптеген басты ролдерді ойнап, халықтың қошеметіне бөленді. 1999 жылы Қарағанды қаласында VII республикалық театрлар фестивалінде Мұхтар Шахановтың «Отырар дастаны»  спектакліндегі Шыңғысхан рөлі үшін «Үздік» атанды. Ал 2008 жылы Ақтау қаласында өткен республикалық фестивальде Э.Филиппоның «Филумена Мартурано» спектаклімен қатысып І орынға ие болған. Байтұрсыновты, Қодарды және өзге де классикалық шығармалардың басты рольдерін сомдаған. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Актер 2021 жылы 71 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Биыл өнер иесінің туғанына 75 жыл толып отыр.

Сейітжан Тәжібаевтың жарқын бейнесін есте қалдыру мақсатында Аймауытов театрының ұйымдастыруымен актер ұзақ жылдар тұрған үй қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды.

Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан, тұлғаның үзеңгілес әріптесі болған аға буын актер Жұмахан Доспаев сөз сөйледі. Марқұмның зайыбы, театр актері Рауза Тәжібаева игі іске мұрындық болғандарға алғысын жеткізді.

Тағзымтақта– театрға еңбек сіңірген тұлғаның рухына деген құрметтің бір белгісі.

 

Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры


Комментариев нет
Просмотров: 9
Автор: aimauytovteatry
Сайт: kmdt.kz
Добавлено: 07.12.2025 в 12:34