"Жырлайды жүрек "атты байқау.
Поэзия падишасы, қазақ лирикасының заңғар тұлғасы Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдық мерейтойына арналған "Жырлайды жүрек "атты байқауының мектепішілік мәнерлеп оқу сайысы руханиятқа толы, жүрекке жол тартқан тағылымды кешке айналды.Кеш шымылдығы күмбірлеген домбыра үнімен ашылып, ұлы ақынның мәңгі өлмес жырлары жас жүректерден төгіліп, зал ішін ерекше бір сырлы әлемге бөлеп әкетті. Оқушылар Мұқағали поэзиясын тек оқып қана қоймай, оның әр жолын жүрекпен сезініп, жанымен жеткізе білді.Ақын сөзімен астасқан Мұқағали әндері әуелеп, көрермен көңілін тербетті. Өлең арқылы ой сөйлеп, ән арқылы сезім шертіліп, сахнада шынайы өнер мен рухтың үндестігі көрініс тапты. Әрбір қатысушы ұлы ақынға деген құрметін, қазақ поэзиясына деген махаббатын өнер арқылы өрнектей алды.
Бұл кеш – жас ұрпақтың рухани дүниесін байытып, ұлттық әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттырған тағылымды шара болды. Мұқағали мұрасы – ұлттың асыл қазынасы, ал оның жырлары – уақытпен шектелмейтін мәңгілік мұра.
Мұқағали жыры — мәңгілік,
Мұқағали рухы — ұрпақпен бірге!
Комментариев нет
Просмотров: 10