Қазақстанда емханаларда пациенттерді қабылдау қағидалары өзгертілді
3 тамыздан бастап Қазақстанда бейінді мамандар терапевтке жүгінбей-ақ пациенттерді қосымша тексерулер мен басқа дәрігерлердің консультацияларына жолдай алады.
Амбулаториялық жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек көрсету қағидалары күшіне енеді. Бұл еліміздегі пациенттерге көрсетілетін көмектің тәсілін едәуір өзгертіп, қазақстандықтардың әртүрлі кезеңдерден өтуіне кететін уақытын қысқартады. Бұған дейін қандай да бір тексеруге жолдама алу үшін азаматтар қайтадан терапевттің қабылдауына жазылуға мәжбүр болатын. Мұндай жолдамаларды беру құқығы тек терапевтке ғана берілген еді.
Енді дәрігер қосымша жолдамаларды өз бетінше рәсімдей алады, бірақ үш маманнан артық емес.
Сонымен қатар, енді емханалар дәрігерлердің қабылдау кестесін 60 күнтізбелік күн бұрын жариялап, кестеге өзгерістер енгізілген жағдайда оны жаңартып отыруға міндетті. Бұрын қабылдауға жазылу тек 7–10 күнге ғана қолжетімді болатын.
Сондай-ақ пациенттің жағдайын бағалау үшін жаңа мәртебелер жүйесі енгізілді: «дені сау», «сауықты», «жақсарды», «өзгеріссіз», «нашарлады», «қайтыс болды», сондай-ақ «ауруы жалғасуда». Соңғы мәртебе дәрігерге пациентті терапевтке қайта жібермей-ақ, қайталама қабылдауды өз бетінше тағайындауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, тағайындауларға қойылатын талаптар күшейтілді: зерттеулер мен консультациялар енді әрбір ауру бойынша бекітілген клиникалық хаттамалар аясында ғана тағайындалады.
Сондай-ақ қабылдау мен рәсімдердің уақыт нормативтері бекітілді. Мәселен, дәрігер-мамандардың көпшілігінің консультациясы кемінде 20 минутқа, ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) кемінде 20 минутқа созылуы тиіс, ал алғашқы қабылдау кезінде уақыт қажет болған жағдайда 30 минутқа дейін ұлғайтылуы мүмкін.
Өзгерістер медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, күту уақытын қысқартуға және медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған.
МӘМС-ТІҢ НЕГІЗГІ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ
МӘМС-ТІҢ НЕГІЗГІ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ