Меню KDT

Атырау облысы мемлекеттік архивінде «Ашық есік» күні өтті


Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің бастамасымен жүзеге асырылып отырған «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясында 2026 жылы  21 қыркүйек күні Атырау облысы мемлекеттік архивінде студенттерге, мектеп оқушыларына, ұстаздарға және архив саласына қызығушылық танытқан тұлғаларға  арналған «Ашық есік» күні ұйымдастырылды. Іс-шараға Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің, Атырау сервис колледжінің студенттері, Атырау білім-инновациялық лицейі, №21 Жамбыл атындағы және Ф.Досымова атындағы мектебінің ұстаздары, оқушылары қатысты.

Шараның ашылу салтанатының алғашқы сөз кезегін Атырау облысы мемлекеттік архиві басшысының міндетін атқарушы Баянсұлу Рамазанқызы Амиржанова алып, архив құжаттарының тарихи маңызына тоқталып, жас ұрпақтың өлке тарихын білуі мен тарихи мұраны құрметтеуінің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ қатысушыларға архивтің жұмысы туралы кеңірек мағлұмат беріліп, тарихи құжаттармен танысуға мүмкіндік жасалғанын айтып өтті.

«Ашық есік» күні барысында қатысушыларға алдымен «Сурет – тарих» фотоқұжаттар көрмесі таныстырылып, өңірдің өткенінен сыр шертетін тарихи фотосуреттер көрсетілді.

Бұдан әрі Мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің жұмысы туралы түсінік беріліп, «Архившінің бір күні» атты бейнеролик ұсынылды. Қатысушылар Ұлттық архив қорын толықтыру, ведомстволық архивтерде сақтауда тұрған құжаттарды мемлекеттік архивке тапсырғанға дейінгі құжаттаманы басқару және архив ісі саласындағы жұмыстарды ұйымдастыру бағытында мекеменің жауапты мамандарына қағидалардың негізінде әдістемелік көмек көрсетілетіні туралы түсінік берілді.

 Сондай-ақ қағаз түріндегі құжаттарды электрондық форматқа көшірудің негізгі жолдары  көрсетіліп, сканерлеу үрдісі таныстырылды. Студенттер мен оқушылар арасында «Жас архивші» танымдық ойыны ұйымдастырылып, жеңімпаздарға кітап сыйға табыс етілді.

Архивтің оқу залына тұрақты келіп жүрген зерттеуші, өлкетанушы С.Әуелбаев пен Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетімен Атырау сервис колледжі студенттерінің қатысуымен танымдық кездесу ұйымдастырылып, өлке тарихын зерттеудегі архив құжаттарының маңызы туралы әңгіме өрбіді. Танымдық кездесу соңында өскелең ұрпаққа архив қорындағы құжаттармен жұмыс жүргізу тәжірибесімен бөліскен зерттеуші, өлкетанушыға Алғыс хат табыс етілді.

Іс-шара барысында архив қорында сақтауда тұрған 1920–2009 жылдар аралығындағы тарихи құжаттардан ұйымдастырылған көрме ұсынылып, қатысушылар құнды деректермен танысты.

Келушілер архив қоймасына экскурсия жасап,  құжаттардың орналасу және олардың сақталу жағдайларын өз көздерімен көрді.

«Ашық есік» күніне белсенді қатысқан Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетіне, Атырау сервис колледжіне, Атырау білім-инновациялық лицейіне және мектеп ұжымдарына Алғыс хаттар табысталып, кітаптар сыйға тартылды.

 Сонымен қатар, N21 Жамбыл атындағы орта мектеп пен N12 Ф.Досымова атындағы орта мектеп оқушылары арасында «Архивтік құжаттар әлеміне саяхат» атты ұйымдастырылған шығарма жазу жұмысы қорытындыланып, өз ойларымен шығармашылық қабілеттерін танытқан бір топ оқушыларға Алғыс хаттар табысталды.

Ашық есік күні - қатысушыларға архив жұмысының негізгі бағыттарын танып, тарихи құжаттардың бүгінгі және келешек ұрпақ үшін маңызын түсінуге мүмкіндік берді.Іс-шара соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, архив мамандарымен пікір алмасты.


Комментариев нет
Просмотров нет
Автор: dias.kudaibergen
Сайт: arhivatyrau.kdt.kz
Добавлено: 22.09.2026 в 10:49