Заң үстемдігі — қоғам қауіпсіздігінің кепілі: Шу ауданында «Болашақ прокурор кеңістігі» атты аудандық форум өтті
2026 жылдың 20 қазанында Мұқағали Мақатаев атындағы тірек орта мектебінің (РО) базасында аудандық прокуратурасының ұйымдастыруымен оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және кәсіби бағдар беруге бағытталған «Болашақ прокурор кеңістігі» атты аудандық форум жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Маңызды шараның басты мақсаты — өскелең ұрпақтың заңға деген құрметін оятып, жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру, сонымен қатар құқық қорғау және заң саласындағы мамандықтардың қыр-сырын таныстыру болды. Форумға Шу ауданы әкімінің орынбасары Н.К. Солтанбаев, аудандық білім бөлімінің басшысының орынбасары Н.А. Балтабай, аудан прокуратурасының аға прокуроры Ж.Ж. Сиха және аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Р.Ғ. Куанышбаев арнайы қатысып, оқушылармен ашық пікір алмасты.
Жиынның шымылдығын ашқан Шу ауданы әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы оқушыларға сәттілік тілеп, заң үстемдігі орнаған қоғамда әрбір азаматтың құқығы тең қорғалатынын атап өтті. Өз кезегінде сөз алған білім бөлімінің басшысының орынбасары Нұрбахыт Айтмаханұлы мектеп қабырғасындағы құқықтық тәрбие мен болашақ мамандықты саналы түрде таңдаудың маңыздылығына тоқталды.
Форум барысында Шу ауданы прокуратурасының аға прокуроры Жаннур Жұмаханұлы «Заңды білу — өз құқығыңды қорғау» тақырыбында баяндама жасап, жасөспірімдерге прокуратура органдарының негізгі міндеттері мен кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау тетіктерін түсіндірді. Ал полиция бөлімі бастығының орынбасары Роллан Ғаниұлы «Заңды білу — заман талабы» тақырыбында сөз қозғап, қоғамдық тәртіпті сақтау мен құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары туралы маңызды ақпараттармен бөлісті.
Еркін пікір мен ашық сұрақ-жауап алаңы
Форумның ең тартысты әрі қызықты бөлігі — оқушылардың ашық сұрақ-жауап алаңы болды. Болашақта прокурор, заңгер, судья немесе полиция қызметкері болуды армандайтын мектеп түлектері көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Оқушылар мамандыққа түсу жолдары, заң саласы маманына қажетті басты тұлғалық қасиеттер — адалдық пен әділдік туралы сұрап, белсенділік танытты.
Шара соңында өткізілген «Менің құқықтық ұстанымым» атты интерактивті ойында қатысушылар буллингке қарсы тұру, интернеттегі ақпараттың шынайылығын тексеру және өзгенің құқығын құрметтеу сияқты өзекті тақырыптар төңірегінде өз көзқарастарын білдірді.
Комментариев нет
Просмотров: 3